2024 жылдың қараша айында Қазақстанда жаңа тұрғын үйлер мен екінші нарықтағы пәтерлердің бағасы осы жылы (2023 жылғы қарашаға қарағанда) 3,4%-ға өсті. Ал қолайлы жағдайдағы жалға алынатын тұрғын үйлердің бағасы өткен жылдың қарашасымен салыстырғанда 7%-ға артты. Бұл туралы Ұлттық статистика бюросы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz.
Статистика бюросының мәліметі бойынша, аймақтар бойынша тұрғын үй бағасының қымбаттауы айтарлықтай байқалды. Алғашқы нарықта Актөбе қаласында баға 11%-ға, Көкшетауда 10,1%-ға, Таразда 10%-ға өсті. Екінші нарықтағы тұрғын үй бағасының өсуі ең жоғары болған қалалар — Атырау (16,7%), Астана мен Көкшетау (9,8%-дан). Ал тұрғын үйді жалға алу нарығында ең көп өсу көрсеткіші Оралда (24,2%), Шымкентте (24,1%), Талдықорғанда (20,8%) және Петропавлда (20,5%) байқалды.
Ай сайынғы өсімге келер болсақ, 2024 жылғы қарашада жаңа тұрғын үйдің, екінші нарықтағы пәтерлердің сатылымы және жалға берілетін қолайлы тұрғын үйлердің бағасы 0,4%-ға өсті.
2024 жылдың қараша айында тіркелген тұрғын үй сатып алу сату мәмілелерінің саны 39 421-ді құрады, оның ішінде 8165 мәміле жеке үйлерге, ал 31 256 мәміле көпқабатты үйлердегі пәтерлерге қатысты. Өткен аймен салыстырғанда (39 143 мәміле) сатылымдар саны 0,7%-ға артты.
Сауда бойынша көшбасшы қалалардың қатарына Алматы (7533 мәміле — 19,1%), Астана (6968 мәміле — 17,7%) және Қарағанды облысы (2995 мәміле — 7,6%) енді. Ал ең аз мәміле тіркелген өңір — Ұлытау облысы (491 мәміле — 1,2%).

Қараша айында тіркелген мәмілелер бойынша ең үлкен өсім Павлодар (18,5%), Түркістан (15,9%) және Алматы (15,2%) облыстарында байқалды. Ал ең үлкен төмендеу Абай (20%) және Қызылорда (16,1%), Шығыс Қазақстан (12,5%) облыстарында тіркелді.
Қараша айында көпқабатты үйлердің сатылымдары бойынша мәмілелер саны 2,6%-ға артты (803 мәміле). Жалпы, 2024 жылдың қараша айында көпқабатты пәтерлер бойынша 31 256 мәміле тіркелді — бұл жалпы көрсеткіштің 79,3%-ы. Көпқабатты үйлердегі пәтерлер сатылымының басым бөлігі Алматы (22,3%), Астана (21,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (8,3%) тиесілі. Қараша айында сатылым бойынша ең көп сұранысқа ие болған пәтерлер 2 бөлмелі пәтерлер болды, олардың саны 11 881 мәмілені құрады.
Жеке үйлердің сатылымы бойынша қараша айында мәмілелер саны 6%-ға төмендеді (525 мәміле). Жалпы, қараша айында жеке үйлер бойынша 8165 мәміле тіркелді. Жеке үйлер бойынша ең көп өсім Қызылорда (15,7%), Батыс Қазақстан (9,5%) және Маңғыстау (7,9%) облыстарында болды. Ең үлкен төмендеу Ұлытау (38,3%) және Павлодар (33,1%), Шығыс Қазақстан (23,1%) облыстарында тіркелді.
Қараша айындағы мәмілелер саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 24,3%-ға артты, 2023 жылдың қараша айында 31 727 мәміле тіркелген еді. Ең үлкен өсім Батыс Қазақстан облысында (56,7%) тіркелсе, ең аз баға төмендеуі Қызылорда облысына (-9,3%) тиесілі . 2024 жылдың қаңтар-қараша айларында мәмілелер саны 2023 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 15,1%-ға артты.

Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй нарығын ай сайын бақылап отырады. Баға индексі облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларында жүргізілген таңдамалы зерттеулер негізінде қалыптасады. Жаңа тұрғын үйлердің сатылымы туралы мәліметтер құрылыс ұйымдарынан алынып, үй құрылысы мен жөндеу жұмыстарының ерекшеліктері ескеріледі. Ал екінші нарықтағы пәтерлер мен жалға берілетін үйлердің бағасы ғаламтор желілері мен БАҚ-та жарияланған жарнамалардан алынған ақпараттарға сүйеніп есептеледі.