Алматы қаласының әкімдігі 2024 жылы басталған Сайран көлінің жағалауын жаңарту жобасының 70%-ы аяқталғанын хабарлады. Қазіргі таңда автосуару, су құбыры, электр желілерін тарту, сыртқы жарықтандыру, жағалау бекіту және жағалау салу жұмыстары жүріп жатыр.
Сайран көлінің абаттандыру жобасы аясында екі жағалауы біртұтас 2,5 шақырымдық серуендеу аймағына айналады. Қолданыстағы көпір арқылы 3,5 шақырымдық және Абай даңғылына шығатын 4,5 шақырымдық серуендеу жолдары да қарастырылған. Төле би көшесі жағынан жасыл белдеу отырғызылып, бұл аймақтың көркемделуіне қосымша үлес қосады.Көркейту жобасы аясында көлдің маңында лотос гүлдерімен безендірілген аймақ, демалуға арналған орындықтар мен қоқыс жәшіктері, сондай-ақ заманауи фудкорттар пайда болады.
Белсенді демалысты ұнататындар үшін скейтпарк, роллердром, жаттығу алаңдары, паркур және велопарк аймақтары салынады. Оған қоса, футбол алаңы мен балалар ойын алаңы да қарастырылған. Қоғамдық дәретханалар мен ит серуендетуге арналған арнайы аумақтар да болады. Қауіпсіздік үшін барлық аймақ бейнебақылау камераларымен жабдықталып, тәулік бойы қызмет көрсететін екі полиция бекеті мен екі құтқару посты орнатылады.
Бұл жаңғырту жобасы Алматының қала тұрғындары мен қонақтары үшін тартымды әрі жайлы демалыс орнына айналуды мақсат етеді. Ерболат Досаевтың айтуынша, Сайранды қайта жандандыру қаланың экожүйесін жақсартып, тұрғындардың бос уақытын тиімді өткізуіне жағдай жасайды.
«Соңғы жылдары Сайран қараусыз қалған орын ретінде қабылдандаы. Біздің мақсатымыз — осы стереотипті өзгерту. Жаңа жобада отбасы мен балаларға арналған демалыс аймақтары, спорт және белсенді демалыс орындары, таза жағажайлар мен жайлы дәмхана қарастырылған. Сонымен қатар, экожүйені, флора мен фаунаны қалпына келтіру басты назарда болады», — деді ол.
Сайран су қоймасы 1971 жылы пайдалануға берілген, ал жағалаудағы алғашқы асфальт жолдар мен жарықтандыру 1988-1989 жылдары орнатылған. 2023 жылы, яғни 50 жылдан кейін алғаш рет су қоймасының түбі тазаланып, 142 мың текше метр лай мен 23 тонна тұрмыстық қоқыс шығарылды.
Жаңа жоба Сайранды Алматының полицентрлік даму аясында маңызды демалыс орындарының біріне айналдыруды мақсат етеді.Айта кетейік, 1971 жылы пайдалануға берілгеннен бері Сайран су қоймасында мұндай ауқымды жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. 2023 жылы 50 жылда алғаш рет су қоймасының түбі тазартылып, 142 мың текше метр тұнба мен 23 тонна тұрмыстық қалдық шығарылды.