«Отбасы банк» АҚ басқарма төрағасы Ляззат Ибрагимова Қазақстанда әйелдерге арналған «Ұмай» ипотекасы қашан іске қосылатынын хабарлады.
Оның айтуынша, «Ұмай» ипотекасы өткен жылы Азия Даму Банкі тарапынан Орталық Азиядағы гендерлік теңдік саласындағы үздік жоба ретінде мойындалған.
– Біз алғаш рет әйелдердің экономикалық дамуы, құқықтарын қорғау және қауіпсіздігі, ең алдымен, өз пәтеріне иелік етуден басталатынын атап өттік. Биылғы жылдың 1 қарашасында ҚР Премьер-министрінің қатысуымен Азия Даму Банкімен келісімшартқа қол қойдық. Қазір Азия Даму Банкі бағдарламаның шарттарын директорлар кеңесінде мақұлдайды. Біздің ойымызша, бастапқы жарна 20% деңгейінде қалады, ал қарыз алушылар тұрғын үйді екінші нарықтан да, алғашқы нарықтан да өздері таңдай алады, – деп Үкімет баспасөзінде атап өтті .
Спикердің айтуынша, бағдарламаның сыйақы мөлшерлемесі Азия Даму Банкіне қаржыландыруды ішкі қор нарығынан тарту шарттарына байланысты болады. Бұл ретте тұрғындарға тартылған қаржылардың әрдайым теңгемен қамтамасыз етілуі өте маңызды.
– Біз 2025 жылдың екінші жартысында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Алғашында жобаны ертерек бастамақ болған едік. Алайда, несие бойынша пайыздық мөлшерлемені мүмкіндігінше төмен деңгейде қамтамасыз ету үшін тиімді уақыт пен қолайлы тарту ставкасын таңдауды жөн көрдік, – деп түйіндеді Ляззат Ибрагимова.