Сәулет өнері – заманның айнасы. Бүгінде сәулетшілердің ең үздік жобалары кімдерге арналған? Балаларға ма, ғалымдарға, кәсіпкерлерге немесе әскери салаға ма? Бұл сұраққа жауап іздеу үшін соңғы жылдары әлемдік сәулет фестивальдерінде жеңімпаз атанған ғимараттарға шолу жасайық.
Әлемдік сәулет фестивалі жыл сайын сәулетшілердің шеберлігін паш ететін халықаралық деңгейдегі ең беделді байқаулардың бірі. Биыл бұл фестиваль Сингапурде 17-рет өтті.
“2024 жылдың үздік ғимараты” атағына мыңдаған жоба ұсынылып, олардың ішінен 220-сы финалға шықты. Финалистер қатарында Кипрдегі жұлдызды обсерватория, Түркиядағы күн электр станциясы және Польшаның заманауи автобус вокзалы болды. Дегенмен, көпшілікті таң қалдырған жеңімпаз – Сидней маңындағы қарапайым бастауыш мектеп.
Дарлингтон мектебі – 2024 жылдың жеңімпазы
Бұл жаңа ғимарат өткен жылы ашылды. Алдыңғы мектеп ғимараты 1970 жылдары салынғанымен, қазіргі балалардың қажеттіліктеріне сай келмейтін.
Жаңа мектеп кең әрі жарық дәліздерімен және үлкен террасаларымен ерекшеленеді. Вестибюль мен оқу бөлмелерінің қабырғалары австралиялық байырғы халықтардың өрнектерімен безендірілген.
Жобаның авторлары, архитектуралық фирмасы fjcstudio – жеңіске жетеміз деп ойламағандарын мойындады. «Кішкентай мектеп жұлдызды обсерваториялар мен зәулім ғимараттармен бәсекелеске түсе алмайды деп ойладық. Бірақ байқаудың басты жеңімпаздары – осы мектепте білім алатын балалар», – деді фирма өкілі Алессандро Росси.
2023 жылғы жеңімпаз – Хуэйчжэнь орта мектебі
Соңғы жылдары білім беру мекемелері жиі жеңімпаз атанып келеді. Бұл білімнің қоғамдағы басты құндылыққа айналғанының дәлелі.
Қытайдың Нинбо қаласындағы Хуэйчжэнь мектебі 2023 жылы үздік деп танылды. Бұл мектеп оқушылардың интеллектуалды дамуын қолдап қана қоймай, шығармашылық қабілеттерін дамытуға да жағдай жасайды. Мұнда шатырдағы саябақтар, аспалы жолдар мен ағаш үйлер сияқты ерекше архитектуралық шешімдер қолданылған. Архитекторлардың пікірінше, мұндай орта оқушыларға стрессті азайтып, білімге қызығушылығын арттыруға көмектеседі.
2022 жылғы жеңімпаз- Quay Quarter Tower
Сиднейдегі Quay Quarter Tower 2022 жылы “Жылдың үздік ғимараты” атағын жеңіп алды. Ерекшелігі – бұл нысан толықтай жаңадан салынбаған, бұрынғы мұнараның 95%-ы қайта өңделіп, заманауи талаптарға сай жаңғыртылған.
Ғимараттың күрделі қасбет дизайны күн сәулесін тиімді пайдалануға мүмкіндік береді, ал ішкі кеңістіктері тұрақты түрде қайта жасақталуға ыңғайлы. Мұндай тәсіл – заманауи сәулет өнерінің қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарайтынын көрсетеді.
2018 жылғы жеңімпаз– Ресей стадионы мен Сингапурдағы қарттар үйі
2018 жылғы конкурста басты жүлдені Ресейдің FIFA әлем чемпионаты үшін салынған стадионы емес, Сингапурдағы Kampung Admiralty қарттар үйі жеңіп алды. Бұл жобаның ерекшелігі – қарт адамдарға арналған тұрғын үй мен медициналық мекемелерді бір жерде жинақталған. Ішінде қоғамдық кеңістіктер, демалыс аймақтары мен дәстүрлі ашық аспан астындағы асхана орналасқан. Сонымен қатар, ғимараттың айналасы жасыл желекке оранған, бұл қарт адамдарға қоғамнан оқшауланбай, өмір сүруге мүмкіндік береді. Осындай адамгершілікке толы жобалар мен инклюзивті ғимараттар жоғары бағаланып, әлемдік архитектуралық марапаттарға ие болады.
Соңғы жылдары үздік ғимараттардың білім беру мекемелері мен экологиялық тұрақты нысандарға тиесілі болуы – қоғамның маңызды құндылықтарға басымдық бере бастағанының белгісі. Жасыл технологиялар, экологиялық жауапкершілік, адамға қолайлы орта құру – бұл заманауи сәулет өнерінің негізгі бағыттары.