“Отбасы” банкінің Ұлттық даму институтына айналу процесі алты айға созылады. Сол себепті тұрғын үйге кезекке тұру бойынша өтініштерді қабылдау 2025 жылдың мамырында ғана басталмақ. Бұл туралы банктің баспасөз қызметі хабарлады.
Өтпелі кезеңде жергілікті әкімдіктер тұрғын үй кезегін банкке тапсырады. Ал осы уақытта “Отбасы” банкі жаңа “Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы” ақпараттық жүйесін іске қосады.
— 2025 жылдың 24 мамырынан бастап тұрғын үй кезегіне тұру өтініштері “Отбасы” банкінде қабылданады. Қазіргі уақытта бұл операцияларды жергілікті атқарушы органдар жалғастыра береді, — деп түсіндірді банктің баспасөз қызметі.
Жаңа ақпараттық жүйе өтініш берушінің мүліктік жағдайын, отбасылық мәртебесін, әлеуметтік санатын автоматты түрде тексереді. Бұл жүйе кезекке қою мен тұрғын үйді үлестіру процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.
Бұл өзгеріс тұрғын үйге қолжетімділік пен әділдікті арттырып, халықтың тұрғын үй мәселесін шешудегі тиімділікті жақсартуға септігін тигізеді деп күтілуде.