Қазақстанда 2019 жылы басталған мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғау және өмір сүру жағдайларын жақсарту жөніндегі Ұлттық жоспар 2024 жылы толықтай жүзеге асырылды. Бұл жоспар аясында 10 негізгі бағыт бойынша 95 шара қабылданды.
Осы уақыт ішінде техникалық оңалту құралдарын әзірлеу үшін Инновациялық фабрика құрылды. Нәтижесінде төрт өңірде тұратын балалар сапалы құралдарға қол жеткізді. Сондай-ақ, елімізде мүгедектігі бар адамдар үшін инфрақұрылымның қолжетімділігін арттыру мақсатында 22 мыңнан астам нысан бейімделді.
2024 жылы қабылданған Инклюзивті саясат тұжырымдамасы 2030 жылға дейін өз күшінде болады. Бұл құжат мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етіп, оларды әлеуметтік-құқықтық тұрғыда қоғамға толыққанды интеграциялауға бағытталған.