М. Горький атындағы мәдениет және демалыс саябағы – алматылықтар мен қала қонақтарының сүйікті орны. Бұл саябақ біреулер үшін балалық шақтың жарқын естелігі, өзгелер үшін – жастық шақтың алаңсыз сәттері, ал енді біреулер үшін – серуендеу мен спорттық жаттығулардың тамаша мекені. Саябақта жұмыс істейтін немесе қосымша табыс табатын жандар да бар. Бүгінгі күні саябақ қаланың көрнекі орындарының бірі болып қала беруде.
Адам жиі шоғырланатын орындарда әрдайым белгілі бір мәселе туындайтыны түсінікті. Уақыт өте келе саябақты тек пайдалану жеткіліксіз, оны күтіп-баптап, дамыту да маңызды. Өйткені мұндай орындар қаланың мәдени әрі экологиялық күйін айқындайтын маңызды нысандардың бірі.
М. Горький атындағы саябақ – Алматының ең көне саябақтарының бірі. 2026 жылы саябақ 170 жылдық мерейтойын атап өтеді.
Верненск Казенный саябағы Алматының мәдени және табиғи мұрасы ретінде ерекше орын алады. Оның тарихы 1856 жылдан басталады. Сол кезде қаладан тыс аумаққа жеміс ағаштарының көшеттері әкелініп отырғызылған еді. жеміс ағаштары дәстүрлі ағаштармен алмастырылды. Саябақта емен, қайың, қарағай, жөке, терек сынды ағаштар өсірілді.
Саябақта түрлі гүлдер өсіп, жолдар салынып, оларды арнайы өзен тасымен бетін тегістеген. Сондай-ақ, саябақта демалушыларға арналған орындар мен алаңдар құрылып, оның ішінде жасыл желектер арасында сәнді демалыс орындары мен жарықтандыру орнатылды. Ал сайларда шағын тоғандар мен бұлақтар жасалып, табиғи көрініс толықтырылды.
Саябақта арнайы көгалдандыру мектебі ашылып, қала тұрғындарын көшеттермен қамтамасыз етті. Сол кезеңде саябақ көлемі 44 гектарды құраған. XIX ғасырдың 70-жылдарында бұл жер демалыс орнына айналып, әр демалыс күндері кешкі уақыттарда музыка ойнап, би кештері мен бильярд секілді ойындар ұйымдастырылған.
Саябақтың сұлулығы мен көркемдігі туралы сол кезеңдегі Петербург газеттерінде жиі мақалалар жарияланатын. Ал танымал суретші-этнограф Николай Хлудов өзінің әйгілі «Саябақтағы күз» атты пейзажын осы жерде жазған.
Кеңестік кезеңде саябақ көптеген сынақтарға ұшыраса да, оның тарихы мен мәдени маңызы сақталып қалды. Айтыс өнерінің ұлы өкілі, ақын Жамбыл Жабаевтың қатысуымен осы саябақта айтыс өтті, бұл да саябақтың мәдени өмірінің ажырамас бөлігі болды.
Сонымен қатар, 30-жылдардың ортасында саябақта су қоймаларын тазалау мен тереңдету жұмыстары жүргізіліп, оның шығыс бөлігінде хайуанаттар бағы құрылды.
Кеңес Одағының Ұлы Отан соғысы жылдарында да саябақта ағаштар қиылмай, олар сол күйінде сақталып қалды.
1970-80 жылдары саябақтың аумағы 120 гектарға дейін кеңейді. Бернхард Гржимек сияқты танымал жазушы-натуралист те саябақтың табиғатына жоғары баға берді.
Бүгінде саябақ Алматы қаласының ең сүйікті демалыс орындарының бірі, оған Қазақстаннан және шетелден миллиондаған туристер келеді.
Қала тұрғыны, белсенді азамат Галина Айтмукашевна Жандаулетова бірнеше жылдан бері саябаққа күнделікті барып, оның кемшіліктерін байқап жүр. Ол саябақта анықталмаған немесе шешілмеген мәселелері туралы өз пікірін білдіріп, оларды жөндеу керек деп есептейді. Ол бұл мәселелердің көбін билікке көрсетіп, түзетуді талап етуге тырысады, бірақ кейбір кемшіліктер әлі де шешімін таппаған.
Галина Айтмукашевна саябақтың басты кіреберісінен бастап, ішкі мәселелеріне дейін бірнеше мәселені атап өтті. Біріншіден, ол субұрқақтың орналасуына қатысты пікірін білдірді. «Менің ойымша, субұрқақтың орнын дұрыс таңдамаған. Саябаққа келген адамдар оны айналып өтуге мәжбүр. Неліктен ол жолдың дәл ортасында орналасқан?», — деп наразылығын білдірді ол. Сонымен қатар, субұрқақ плиткаларының көпшілігі сынған, оларды ауыстыру қажет.
Одан кейін, Галина Айтмукашевна саябақтың ішінде орналасқан тас плиткаларға назар аударды. «Бұл тас плиткалар,әсіресе, балаларымен жүрген ата-аналарға, қарт адамдарға ыңғайсыз. Тастардың арасында үлкен саңылаулар бар, және оларды тазалау қиын. Осыған қоса, жаңбырлы немесе шықты күндері бұл тастар тайғақ болып, қыс айларында тайып құлау қаупі артады.», — деді ол.
Сондай-ақ, саябақтың жолдары бойындағы плиталардың көпшілігі дұрыс бекітілмеген. Ерітінді бұзылып, плиталар сілкініп тұрады. Бұл саябаққа келушілер үшін үлкен қауіп тудырады. Саябақтың басты кіреберісі мен жолдары уақытылы жөндеуді қажет етеді.
Бұрын осы жерде атақты пальмасы бар гүлзар болған. Көптеген адамдар осы гүлзарда түскен фотосуреттерімен мақтана алады. Бірақ кейін оны алып тастады. Мүмкін оған күтім жасайтын ешкім болмаған соң, алып тастаған шығар.
Гүлзардың орнына шығыс жұлдызнамасы жылдарын бейнелейтін инсталляция орнатылды. Дегенмен, оны гүлзардың айналасына орнатуға да болар еді. Қазіргі таңда гүлзардың орнына тастар мен түсініксіз мүсіндер тұр. Бұл өзгеріс тұрғындар арасында көңіл толмаушылығын тудырып отыр.
«Кей жердерде орындықтар қисайып тұр, құлап кетуі мүмкін. Оны жөндеу мүмкін болмас па еді?», — дейді саябаққа жиі келетін Галина Айтмукашевна
Жүре берсек ұзақ уақыт бойы аяқталмай жатқан құрылысқа арналған жоғары қоршау көзге түседі.
«Бұл аумақты әлдеқашан қоршаған.Қашан және кімге сатылғаны, қазір кімнің меншігінде екені белгісіз. Қоршауда ешқандай ақпараттық белгілер жоқ. Аталмыш жерге мейрамхана салынған, құрылысшылар коммуникацияларды өткізген, бірақ жолды жарты жыл бойы қазып, аяқталмаған жұмысты әлі де толық бітіре алмай келеді.
Тек құрылыс алаңы ғана емес, саябақтың бір бөлігі де қоршауға алынған. Бұрын мұнда гүлзар, орындықтар мен тегіс асфальт жолдары болған. Қазір бұл жермен жүру мүмкін емес, өйткені бәрі қоршалып, өтетін жол қалмаған.
Бұл жердің асфальт жолын алып тастап, қисық, тайғақ плитка төселген. Ал асфальт жолдар тегіс және жүруге ыңғайлы еді», — дейді саябаққа жиі келетін тұрғындар.
Асфальттың жаңа екені көзге көрініп тұр: ойықтар мен жарықтар жоқ, ал гранит жол жиектері ұзақ уақытқа төзетін еді, бірақ оларды да ауыстырды.
Жол жиектері ауыстырылған кезде ағаштардың тамырлары зақымданған, бұл ағаштардың құлап қалуына немесе әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Қазылған жерді қайта қалпына келтіріп, ағаштарды сақтап қалуға болмайтын еді?
Бұл жерде де жақсы асфальт пен гранит жол жиектері болған. Мүмкін, оны да сол қисық плиткамен ауыстырмақ болған. Құрылыс материалдары қаңтарылып, қалай болса солай төселіп тұр, енді бір жылдай уақыт өтті, бәлкім одан да ұзақ өткен болар.
Құрылыс жұмыстарының салдарынан жол тарылып, ата- аналарға балаларымен серуендеу қиынға айналды.Әсіресе, қарсы келе жатқан адаммен кездескенде, тар жолмен өту өте қиын. Жолдар да бөгеліп, ешқандай ақпараттық белгілер қойылмаған.Орындықтар қоршалып, демалуға орын қалмаған. Қала тұрғындары: «Бұл — қоғамдық аумақ, неге біз осында еркін жүре алмаймыз?» деп ашуын білдіріп отыр. Сонымен қатар, жұмысты жүргізіп жатқан компания туралы ешқандай ақпарат жоқ.
«Құрылыс жұмыстарының нәтижесінде көптеген қиындықтар туындады. Жолды қазып, кейін оны қалай болса солай жамаған. Ал асфальт қайта құлап, сапасыз төселді. Тіпті, жолдың бір бөлігіне мүлде асфальт төселмеген», — деп қынжылады қала тұрғыны.
Саябақтағы спорт алаңдарының жағдайы да көңіл көншітпейді. Мұнда қарапайым спорт жабдықтары орнатылғанымен, олардың көп бөлігі ұрланған, ал қалғандары жарамсыз күйде.
Ағаштардың айналасында қоқыс жиналып, жабдықтардың қорғаныш қабырғалары бүлінген. Жас ағаштар да назардан тыс қалды, оларды күтімсіз өсіріп жатыр.
«Бұл — біздің ортақ мүлікіміз. Оған қамқорлық жасау, аумақты таза ұстау — әрқайсымыздың міндетіміз», — дейді тұрғындар.
Бұл мәселелер тек саябақтың ғана емес, жалпы қалалық инфрақұрылымның жағдайын көрсетеді. Саябақтың тазалығы, құрылыс жұмыстарының сапасы және осы жұмыстардың қашан аяқталатыны туралы ешқандай ақпараттың болмауы алматылықтардың наразылығын тудырып отыр.
Алматының ең көне саябағының мәселелері алдағы нөмірлерде жалғасын табады.