Биыл Қазақстанда құрылыс саласы мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын дамытуға 480 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінбек. Өнеркәсіп министрлігінің жобасына сәйкес, аталмыш мақсатқа арналған жалпы қаржыландыру көлемі 481,7 миллиард теңгені құрайды.
Шығындар екі бағыт бойынша бөлінген. Оның ішінде 478,9 миллиард теңге инфрақұрылым мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын модернизациялауға жоспарланған. Сондай-ақ, халықты қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету көзделуде.
Оның 106,4 миллиард теңгесі қалалардағы су мен кәріз жүйелерін дамытуға жұмасалмақ. Тағы 111,8 миллиард теңге ауылдық елді мекендердегі су жүйелерін дамытуға бөлінеді.
Инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымға 92,7 миллиард теңге, жылумен қамтамасыз ету жүйелеріне 67,4 миллиард теңге бөлінеді. Ғимараттардың жөндеу жұмысына13,8 миллиард теңге жұмсалмақ.
Қабылданған шаралар арқасында жылу, су беру және кәріз жүйелерінің тозуы 49%-ға дейін төмендетіледі деп күтілуде. Сонымен қатар, қалалардың 99,5%-ы және ауылдардың 98%-ы таза су ресурстарына қол жеткізеді. Мегаполистер мен облыс орталықтарында ағынды сулардың 79%-ы тазартылатын болады.
Құрылыс саласын халықаралық стандарттарға көшіруге 2,8 миллиард теңге бөлінеді. Бұл шаралардың нәтижесінде заманауи технологияларды қолдануда нормативтік-техникалық құжаттармен қамтамасыз ету көрсеткіші 80%-ға жетеді. Құрылыс алаңдарындағы жер асты және үсті коммуникацияларды инвентаризациялау 15,5 мың гектарға жетеді.