Қазіргі таңда адам баласының өмірі әртүрлі тауарларды тұтынумен тығыз байланысты. Азық-түлік, тұрмыстық заттар, киім, электроника және басқа да қажетті заттар қолайлы өмір сүруге мүмкіндік береді. Алайда, бұл игіліктердің барлығы қоқыс қалдықтарына айналатыны анық.
Қазақстан, экономикалы жағынан жылдам дамып келе жатқан ел ретінде, қоқыс қалдықтарын басқару мәселесімен бетпе-бет келді. Жыл сайын елімізде шамамен 5 миллион тонна тұрмыстық қалдық пайда болады. Көптеген қалдықтар экологиялық стандарттарға сәйкес келмейтін полигондарға жіберіледі. Сонымен қатар, түрлі аймақтарда 5 мыңнан астам рұқсат етілмеген қоқыс орнының болуы тақырыптың қаншалықты өзекті екенін көрсетеді.
Үкіметтің кезекті отырысында Президент Касым-Жомарт Тоқаев қалалардың ластануын азайту, соның ішінде тұрмыстық қалдықтар мәселесін шешу қажеттілігін атап өтті. Президент сондай-ақ, Қазақстанда қоқысты қайта өңдеуді дамытудың маңызды екенін атап өтті.
Қазақстанда 8 қайта өңдеу зауыты бар. Бірақ қоқыс қалдықтарының тек 15%-ын өңдеуге қабылдайды. Биыл наурыз айында Үкімет қазіргі зауыттарды жаңарту және 37 жаңа қайта өңдеу нысанын салу жоспарын бекітті. Бұл шара жылына 1,4 миллион тонна қалдықты қайта өңдеуге мүмкіндік береді.
Қайта өңдеу кезінде қалдықтарды сұрыптау маңызды рөл атқарады. Көптеген қалаларда қалдықтарды бөлек жинау үшін арнайы жәшіктер орнатылған, бірақ тұрғындардың көбісі әлі күнге дейін қоқысты сұрыптамайды. Нәтижесінде, коммуналдық қызметтер тұрмыс қалдықтарын уақытында шығарып үлгермейді.
2024 жылдың 1 шілдесінен бастап елде жаңа қоқыс жинау және шығару стандарты енгізілді. Стандартқа сәйкес, тапсырыс берушілер тұрмыстық және ірі көлемді қалдықтарды арнайы жабдықталған орындарда бөлек жинауды ұйымдастыруы тиіс. Қалдықтарды шығару кесте бойынша жүргізіледі, ал тапсырыс берушілер заңды және жеке тұлғалардың қалдықтарды сұрыптауын бақылауға міндетті. Қоқыс қалдықтарын сұрыптау тәртібін орындамау әр тұтынушының өз жауапкершілігінде. Жаңа стандарт қоқыс мәселесін шешу мәселесіне жеке кәсіпкерлерді тартуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда қалдықтарды басқару мәселесіне тұрғындардың экология мен қайта өңдеу тақырыбы бойынша жеткілікті түрде ақпараттанбауы үлкен кедергі болуда. Тек қазақстандықтардың аз бөлігі ғана аталмыш мәселені маңызды санап, оны шешіміне атсалысуға дайын.
«Экологиялық мәдениетті қоғамда қалыптастыру және қоршаған ортаға ұқыпты қараудың маңыздылығын насихаттау өте маңызды. Білім беру мен ғылыми бағдарламалар экологиялық ойлау арқылы жүргізілу керек. Табиғи ресурстарға жауапкершілікпен қарау және қоршаған ортаға қамқорлық көрсету қоғамымыздың негізгі бөлігіне айналуы тиіс», — деді Президент Ұлттық ғылым академиясында сөйлеген сөзінде.
Қазақстан әлемдік үздік тәжірибелерді қабылдап, қалдықтарды өңдеу жүйесіне енгізуді жоспарлап отыр. Бұл – сенімді болашаққа деген алғашқы қадам.Осы орайда, тұрғындардың белсенділігі мәселені шешуде маңызды рөл атқарады.
Касым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталды.Бұл да мәселені шешуге өз үлесін айрықша қоспақ. Акция аясында қалалар мен ауылдарда, сондай-ақ табиғи нысандарда қоқыс жинау, ағаш отырғызу және басқа экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылады. Сәуір айынан бері 40 мың тоннадан астам қоқыс жиналып, 2,5 миллионнан астам ағаш отырғызылды, 200-ден астам су айдынының жағалаулары тазартылды.
Президенттің айтуынша, «Таза Қазақстан» акциясы —тек қарапайым шарамен шектелмейді. Сонымен қатар, Қазақстан азаматтарының қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгертуге арналған маңызды жоба болмақ.
Қоқыс дағдарысы — тек Қазақстан үшін емес, барша әлемді қамтитын ауқымды мәселе. Аталмыш мәселені шешу үшін жұмыла әрекет ету қажетпіз. Озық тәжірибелер мен технологияларды пайдалану, тұрғындарды ақпараттандыру және қатаң заңнамалық шаралар қалдық көлемін азайтып, қоршаған ортаға әсерін төмендетуге көмектеседі.
Мақала авторы: Асем Касымова