Алматы қаласының экология және қоршаған орта басқармасы дәстүрлі «Жасыл аула» акциясы шеңберінде көгалдандыру мен жасыл қорды сақтау бағдарламасын жалғастыруда. Осы маусымда акцияның басталуы «Таза Қазақстан» республикалық бағдарламасына арналып отыр.
2024 жылдың күзгі айларында қала тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласын және қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыру үшін тегін ағаш көшеттерін ала алады.
Өткен көктемде акция тұрғындар арасында үлкен қолдау тапты: жеке және заңды тұлғалардан 200-ден астам өтініш түсті. Көктемгі науқанның қорытындысы бойынша тұрғындарға 3 мыңнан астам жапырақты ағаш көшеті берілді. Бұл бастама мегаполис тұрғындары үшін жайлы жасыл аймақтар құру және экологиялық белсенділікті арттыру бойынша маңызды шаралардың бірі болды.
Акция азаматтардың өтінімдерін қабылдаудан басталады. 2024 жылғы 23 қыркүйектен 4 қазанға дейін Алматы тұрғындары көпқабатты үйлердің ауласында және жалпы пайдаланудағы жерлерде отырғызу үшін көшеттер алуға өтінім бере алады. Өтінімдерді қабылдаудың басталуы туралы ақпарат Алматы қаласы әкімдігінің ресми сайтында жарияланады.
Қатысу үшін келесі мәліметтерді электрондық поштаға жіберу қажет:
– Инициативті тұлғаның толық аты-жөні және байланыс деректері, жоспарланған отырғызу орнының нақты мекен-жайы.
– Отырғызу жоспарланып отырған жердің бірнеше фотосы (пейзажды фото, мамандардың локацияны бағалауына көмектеседі).
– Қажетті көшеттердің саны.
Көшеттер 2024 жылдың 12 -13 қазанында, Алматы қаласы, Ауэзов ауданы, Юрий Кима көшесі, 9-үй (ТОО «Eco Almaty») мекен-жайы бойынша берілетін болады. Акцияға қатысушыларға көшеттерді отырғызғаннан кейін фотоесеп ұсыну қажет.
Акция туралы қосымша ақпарат алу үшін Алматы қаласы экология және қоршаған орта басқармасының жасыл қорды бақылау және басқару бөліміне +7 771-161-98-50 телефон нөмірі арқылы хабарласуға болады.
«Жасыл аула» акциясы — Алматы тұрғындарына қаланы көгалдандыруға үлес қосып, оны одан әрі жасыл және жайлы ету мүмкіндігі.