Жаңа «Тұмар» үйінде Арқалық қаласынан 19 адам, Амангелді ауданынан 17 тұрғын және Жангелді ауданынан 14 азамат пәтер кілттеріне ие болды.
Үйде барлығы 50 пәтер бар — барлығы үш бөлмелі. Әр пәтерде сапалы таза жөндеу жұмысы жүргізіліп, ас үй жиһазы мен техника орнатылған.
Салтанатты жағдайда Қостанай облысы әкімінің орынбасары Арман Әбенов бақытты тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады. Ол қоныс тойын тойлаушыларды құттықтап, су тасқынынан зардап шеккен барлық тұрғындарға материалдық көмек қана емес, жаңа баспана да берілгенін атап өтті.
50 пәтерлі «Тұмар» тұрғын үй кешені небәрі 3,5 ай ішінде салынды. Үй Face ID видеодомофондарымен жабдықталған. Бес қабатты ғимаратта жеделсаты жұмыс істейді. Аулада жасыл алаң салынған, балаларға арналған ойын және спорт алаңдары орнатылған, автокөліктерге арналған тұрақ орындары бар.
«Мұндай үйден пәтер алғанымызға қуаныштымыз! — деп әсерімен бөлісті Әбеуовтар отбасы. — Президентке көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғысымызды білдіргіміз келеді. Сондай-ақ ,Қазақстан халқына қиын сәтте қолдағандарыңыз үшін рақмет айтамыз. BAZIS компаниясының жігіттеріне де алғысымыз шексіз — олар үйімізді уақытында аяқтап, тапсыру үшін барынша еңбек етті. Осындай әдемі, жарық үй салынды. Жаңа үйде ұзақ әрі бақытты өмір сүреміз деп сенеміз!»