Орман қорының нысаны қала әкімдігіне ресми түрде берілмей тұрып,маусым айынан бастап жойыла бастады. Ақтөбе облысының орман шаруашылығы мекемесінің басқаруындағы 180 гектардан астам орман қаланың аумағына қосылды. Осылайша, Ақтөбе жаңа жер нысандарына ие болды, әйтсе де орман қорғаусыз қалды. Бұрыннан да бұл орман нашар қорғалған еді.
Айта кету керек,жасыл алаңмен безендірілген үлкен жер учаскесі 2023 жылдың 5 тамызында үкіметтің қаулысымен заңдастырылды.
Үкімет анықтаған мәліметтер бойынша…
Қаулының қосымшасында жер учаскесі берілмей тұрып «жер экспликациясы» жүргізілгені көрсетілген, яғни аймақты мамандар тексерген. Олар 111,2 гектар орманмен қапталғанын, 67 гектар ормансыз екенін, 0,6 гектар жолдарға бөлінгенін және 1,3 гектар басқа жерлерге қатысты екенін анықтаған.
@aktobe_times тілшілері бірнеше апта бойы қала және облыс әкімдіктерінен келесі сұрақтарға жауап алуға тырысты: көрсетілген орман қоры учаскесі қай жерде орналасқан, не үшін ол тұрғын жерлер санатына ауыстырылды, бұл жерде не салынбақ? Нәтижесінде жауапты тек қала әкімдігінің баспасөз қызметінен алуға мүмкіндік туды.
Сәйкессіздік
Бұған дейін 180,1 гектар учаскенің «Батыс-2» шағын ауданында орналасқаны анықталды. Осы аумақтың бір бөлігінде жаңа Абай саябағы салынады (ескерте кетсек, бұрын бұл саябақ бірінші президенттің атында болған). Баспа қызметінің жауабына сәйкес, саябақтың аумағы тек 51 гектарды құраса, жоспарланған әлеуметтік нысандардың жалпы ауданы 96,5 гектар. Ал «жасыл желектер алаңы» тек 32,5 гектар болады. Жасыл желектер алаңының не екенін нақтылау мүмкін болмады, бірақ бұл түсінікті әртүрлі түрде түсіндіруге болады. Мысалы, 180,1 гектардың ішінде тек 32,5 гектарында ғана жасыл желектер болады дегенді білдіруі мүмкін.
Орманды алдын ала кесіп тастады
Ақтөбеде танымал экоқорғаушы – Евгений Лазарчук «АТ» газетінің тілшілеріне хабарлағандай, қалаға берілген 180 гектарлық жер нысаны — мемлекеттік орман қорының сақталуы үшін жаз айларынан күресіп келе жатқан жерлер. Бұл туралы «АТ» газеті өткен нөмірлерінде жазған болатын.
Маусымның басында Евгений Лазарчук учаскеде техниканың жұмыс істеп жатқанын байқады. Ағаштар экскаватордың көмегімен тамырымен қазылып алынды. Жерге құлаған және кесілген бұталар мен ағаштар жүк көліктеріне жүктелді.
Экобелсенді ұсынған фото мен бейнетаспада зақымдалған өсімдіктердің әлі де жасыл жапырақтармен жабылғаны көрінеді. Евгенийдің айтуынша, орманды кесу жолды Ғазиза Жұбанова көшесінен Оңтүстік айналма жолға дейін жүргізу үшін жоспарланған.
«Жер нысандары әлі орман қорынан шығарылмаған. Демек, болып жатқанның бәрі — заңсыз», — деп хабарлады актюбелік тұрғын маусым айында.
Ренат ТАИПОВ