Орал қаласында Деркүл және Зачаганск ауылдарында су тасқынынан зардап шеккендерге 183 үй табысталды. Ал Жұлдыз шағын ауданындағы 192 отбасы жаңа баспананың кілтін алды.
Аймақтағы әкімдіктен хабарлағандай, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккендерге арналған 775 үй салынған. Қазіргі уақытта 685 үйдің кілттері табыс етілді. Қалған үйлер 3 қыркүйекте Қаратөбе ауданының Қоржын ауылынан беріледі.
Сонымен, Батыс Қазақстан облысында су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі толықтай шешілетін болады.
Орал қаласының Жұлдыз шағын ауданындағы тұрғындарды жаңа баспаналарымен Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Тұрмағамбетұлы құттықтады.
—Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкіметтің қолдауымен су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға қажетті көмек көрсетілді. Құрылыс жұмыстары толықтай аяқталды. Үйлерге инженерлік желілер, газ және су толық жеткізілді. Тұрғындардың жағдайы үшін асфальт төсейміз. Сонымен қатар, бұл үйлерде көп балалар тұратынына байланысты балалар ойын алаңын саламыз, — деді Нариман Тұрмағамбетұлы.
Ермек Сериков