Шығыс Қазақстан облысындағы жекеменшік балабақшаларға 60 миллион теңгеден астам сома төленуі тиіс. Мәселе жаз айларында мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына балаларды қабылдайтын электронды порталдың бұғатталуынан туындады. Жекеменшік балабақшалар бос орындарға балалар қабылдай алмай, ата-аналар арасында дүрбелең пайда болды. Қызметі әр балаға жан басына шаққандағы қаржыландыруға тәуелді балабақшалар шығынға ұшырай бастады және педагогикалық ұжым алдындағы әлеуметтік міндеттемелерін орындай алмады.
Өскемен қаласының білім бөлімімен өткен бірнеше рет кездесуден соң балабақшаларға сотқа жүгіну ұсынылды», – деп хабарлады ШҚО Кәсіпкерлер палатасы.
Өз тапсырыс берушісіне қарсы сотқа арыз беру қауіпті болып көрінгендіктен балабақшалардың көбі бұл ойға күмәнмен қарады. Дегенмен, 18 талапкердің атынан көлемді арыз түсті.
Шығыс Қазақстан облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты хабарлағандай, процесс барынша ашық және объективті түрде өтті – барлық мүдделі тараптар, соның ішінде прокуратура мен ҚР Білім министрлігі де қатыстырылды.
Экономикалық соттың төрағасы Төлеген Тұрғамбаев істің барлық мән-жайын ескере отырып, әлеуметтік саладағы кәсіпкерлік субъектілерінің мүдделерін қорғау үшін әділ шешім шығарды. Шығындарды өндіру туралы талап арызы қанағаттандырылды.
«Бұл шешімнің біздің кәсіпкерлер үшін маңызы зор. Сотта өз құқықтарының әділ және объективті қорғалатынына сенімділік береді. Өйткені кәсіпкерлік субъектілерінің мемлекеттік органдарды сотқа беруден үміті жоқ десе де болады. Кәсіпкерлердің мемлекеттік органға қарсы сотқа талап-арызы олардың құқықтарын қорғаудың күнделікті құқықтық құралы емес, ең соңғы шарасы болды», – деп атап өтті ШҚО Кәсіпкерлер палатасы.
Ал апелляциялық шағым берілетіні күтілсе де, мемлекеттік органға қарсы кәсіпкерлердің пайдасына қабылданған шешімнің өзі әділеттіліктің көрсеткіші болды.