Ұлытау облысында жаңа мектеп салуға 1,2 млрд теңгеден астам қайтарылған активтер бағытталды. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлады.
Елде Президенттің тапсырмасы бойынша мемлекетке заңсыз жолмен алынған активтерді қайтару туралы заң аясында арнайы мемлекеттік қордан қаржыландырылатын әлеуметтік маңызы бар жобалар жүзеге асырылуда.
«Үкіметтің шешімімен Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы Манат станциясында 80 орындық мектеп салуға 1,2 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді. Қазіргі қолданыстағы мектеп осы өңірдегі жалғыз білім беру мекемесі. Оның ғимараты 1981 жылы салынған, 2000-жылдары қосымша құрылыс жүргізілген. Қазіргі таңда мектептің оқушылар саны белгіленген орын санынан екі есеге артқан: 60 орынға шақталған мектепте 123 оқушы білім алуда. Сонымен қатар, мектепте химия, биология, физика және география пәндеріне арналған зертханалық кабинеттер, спорт залы, шеберхана мен еңбек кабинеттері жоқ», – делінген Үкіметтің хабарламасында.
Мектеп құрылысы 2025 жылдың бірінші тоқсанында басталады деп жоспарланып отыр. Бұл жоба оқушыларға арналған орын санын көбейтіп, балаларға заманауи білім талаптарына сай қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Бұған дейін Үкімет әлеуметтік маңызы бар бірқатар жобаны қаржыландыру туралы шешім қабылдаған болатын. Олардың қатарында Ақмола облысы Зеренді ауылындағы спорт кешені, Түркістан облысы Темірлан ауылындағы музыка мектебі, Арқалықтағы дарынды спортшы балаларға арналған орталық, Астанадағы тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға арналған оңалту орталығы, Алматыдағы ерекше қажеттіліктері бар адамдарға арналған жаттығу орталығы, Ақтөбедегі ерекше балаларға арналған арнайы балабақша, Атырау облысы Жамансор ауылындағы мектеп, Риддер қаласындағы көпсалалы аурухананың құрылысы және Шымкенттегі «Сайрам көмекші мектеп-интернат-колледж» кешенін аяқтау бар.