Елімізде «Қолжетімділік картасына» енгізілген нысандардың 51,8%-ы, яғни 22 166 нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға сай құрылған. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне қарасты Әлеуметтік қорғау саласын реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Төлеген Оспанқұлов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Комитет басшысы 2022-2025 жылдарға арналған мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау және олардың өмір сүру сапасын арттыру жөніндегі Ұлттық жоспарға сәйкес, нысандар мен инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз ету маңызды екенін атап өтті. Бұл жұмыстар жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылады және олардың нәтижелері «Қолжетімділік картасында» көрсетіледі.
– Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға тең мүмкіндік жасау және олардың қоғамға бейімделуіне жағдай туғызу мақсатымен министрлік «Қолжетімділік картасын» әзірледі. Бұл карта «Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау» порталында (inva.gov.kz) орналастырылған. Қазіргі уақытта картада 40 мыңнан астам нысанға қатысты ақпарат бар. Жыл сайын жоспар бойынша нысандардың 20%-ын бейімдеу көзделген. 2024 жылы 40%, яғни 17 325 нысан бейімделеді, 2025 жылы – 60%, 2026 жылы – 80%, ал 2027 жылға қарай – 100%-ға жетеді, – деді Төлеген Оспанқұлов.
Жергілікті әкімдіктердің мәліметі бойынша, бүгінгі таңда 22 166 нысан мүмкіндігі шектеулі азаматтарға бейімделген. Оның ішінде 3 384 нысан – денсаулық сақтау, 7 577 нысан – білім беру, 7 879 нысан – мәдениет, ал 4 017 нысан – сауда, қызмет көрсету және демалыс салаларына тиесілі.
Дегенмен кейбір өңірлерде көрсеткіштер жоспардан төмен. Мысалы, Ұлытау облысында бұл көрсеткіш – 28%, ал Маңғыстау облысында – 36%.
Айта кетсек, Қазақстанда 730 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады, бұл жалпы халықтың 3,6%-ын құрайды.