Қызылорда облысының Қармақшы ауданында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күні қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға арналған 106 пәтердің кілтін табыстады.
Аймақ басшысы жаңа қоныс тойын тойлаған отбасыларды құттықтап, құрылыс саласындағы жетістіктерді атап өтті.
Әкімнің айтуынша, ҚР Президенті мен Үкіметінің қолдауымен өңірде тұрғын үй құрылысы қарқынды түрде жүргізіліп, тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кезең-кезеңімен шешілуде. 2024 жылы тұрғын үй құрылысы мен жеке құрылысшылардан дайын пәтер сатып алуға 39 миллиард 100 миллион теңге бөлінген, жылдың соңына дейін 2,5 мың пәтер тапсырылады. Ұлттық жоба аясында 21 тұрғын үй салынуда, оның ішінде 1154 пәтер болады. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтарға 1819 пәтер алу жоспарланған, бүгінгі таңда 1114 пәтер сатып алынған. Соңғы екі жылда 4 мыңға жуық пәтер беріліп, 17 мың адамның тұрғын үй мәселесі шешілді. Өңірде тұрғын үй құрылысын жүзеге асыру көлемі 126 пайызға артқан.