Қазақстан Республикасының көлік министрлігі хабарлағандай, ISO 3166-2 халықаралық стандартына сәйкес, «KAZ» және «KZ» геокодтары еліміздің ресми таңбалары болып есептелінеді. Бұл кодтар интернет-домендерінде, мемлекеттік құжаттарда, есептерде және көлік нөмірлерінде кеңінен қолданылады.
«Бұл кодтар елімізде де, шетелде де кеңінен танымал. Осыған байланысты, Қазақстанда халықаралық және республикалық маңызы бар автомобиль жолдары үшін «KAZ» және «KZ» индекстері бекітілді», – деп атап өтті министрлік өкілдері.
Мәселен, «KAZ» индексі бірнеше облысты қамтитын 23 жолға беріледі. Астана мен Алматыны байланыстырған Қарағанды арқылы өтетін жол KAZ01 индексін алды, ал Астана – Кокшетау- Петропавл– Ресей шекарасы (Жана жол кеден өткізу пункті) маршруты KAZ02 деп белгіленді.
«KZ» индексі бір облыс ішінде орналасқан 88 республикалық жолға беріледі. Мысалы, Ақтөбе облысындағы «Қандыағаш – Жем – Шалқар – Ырғыз» жолы KZ04-02 индексімен, Жамбыл облысындағы «Мерке – Шу – Бурылбайтал» жолы KZ08-04 индексімен аталды.
Министрлік өкілдері халықаралық келісімдер негізінде бекітілген «E» және «АН» секілді индекстердің өзгермейтінін, бұл халықаралық көлік жүйесіндегі үйлесімділік пен транзиттік қозғалыс үшін ыңғайлы екенін түсіндірді.
Жаңа индексация жүйесін «ҚаздорНИИ» әзірледі. Жол белгілерін жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, ескі элементтер ауыстырылады. Бұл жұмыстар қосымша қаражатты қажет етпейді және жолдарды күтіп-ұстау жоспарына сәйкес жүргізіледі.