Қазақстанда ипотекалық несиеге өтінімдер саны рекордтық көрсеткішке жетіп, өңірлерде мақұлданған өтінімдер саны қарқынды түрде артып келеді. Бұл туралы «Сапалы Қазақстан» порталы Бірінші кредиттік бюросы (БКБ) Data Hub Telegram-арнасының зерттеуіне сілтеме жасап хабарлады.
Зерттеуге сәйкес, 2024 жылдың III тоқсанында банктерде 274,4 мың ипотекалық өтінім қарастырылды. Бұл өткен тоқсанмен салыстырғанда 31%-ға көп. Өтінімдердің жалпы санына мақұлданған және қаралып жатқан өтінімдер кіреді.
«Жылдық өсім айтарлықтай төменірек – 8%, бірақ техникалық тұрғыдан қазіргі деңгей 2018 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Өткен тоқсанда мақұлданған өтінімдер саны 122 мыңға жуықтап, рекордтық деңгейге жетті. Өсім тоқсандық есепте 47%, жылдық есепте 41% болды», – деп хабарлады сарапшылар.
Астана мен Алматы қалаларында 51,1 мың өтінім мақұлданса, өңірлерде бұл көрсеткіш 70,9 мыңға жетті. Астана мен Алматыдағы мақұлданған өтінімдер саны өткен тоқсанмен салыстырғанда 42%-ға, ал өткен жылмен салыстырғанда 33%-ға өсті. Өңірлерде өсім қарқыны тіпті жоғары – тоқсан бойынша 50%, жыл бойынша 48%.
Сарапшылардың айтуынша, ипотекалық белсенділіктің артуына мемлекеттік бағдарламалар, құрылыс компанияларымен серіктестік және цифрландыру процестері әсер еткен.
«Өзгерістерге мемлекеттік бағдарламалардың ықпалы зор. Сонымен қатар, құрылыс салушылармен серіктестіктің күшеюі және цифрландыру да белсенділікті арттырды», – деп түйіндеді зерттеушілер.