Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігі Цифрлық даму және әділет министрліктерімен бірлесіп, «Объектіні пайдалануға қабылдау актісін жасау, оны жергілікті атқарушы органның есебіне қою, жаңадан салынған жылжымайтын мүлік туралы идентификациялық және техникалық мәліметтерді енгізу және «Жылжымайтын мүлікке құқықтарды (шектеулерді) мемлекеттік тіркеу» бойынша пилоттық жобаны іске асыру туралы бірлескен бұйрықтың жобасын әзірледі, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Бүгінде нысандарды қабылдау актісі қағаз түрінде рәсімделеді. Жаңа жоба осы процесті электронды форматқа ауыстырып, барлық құжаттарды цифрлық түрде өңдеуге мүмкіндік береді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, оны еліміздің барлық өңірінде қолдану жоспарланып отыр.
Электронды қабылдау жүйесі E-Qurylys, мемлекеттік құрылыс кадастры және бірыңғай жылжымайтын мүлік кадастры секілді автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдалануды қарастырады. Құжаттарды рәсімдеу бірнеше кезеңнен өтеді:
- Қатысушыларды тіркеу кезеңі. Қабылдау процесіне қатысушылар “E-Qurylys” жүйесінде тіркелуі қажет.
- Құжаттарды дайындау. Мердігер сәйкестік декларациясын жасап, қажетті құжаттарды жүктейді.
- Тексеру және қол қою.Тапсырыс беруші дайын нысанды қарап, актіні қабылдайды. Құжатқа барлық тараптар электронды цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) қол қояды.
- Мемлекеттік органдарға жіберу. Қабылданған акт автоматты түрде жергілікті атқарушы орган мен мемлекеттік бақылау мекемелеріне жіберіледі. Олар құжаттарды бір жұмыс күні ішінде тексереді.
Құрылыс нысанын қабылдау актісін рәсімдеу және тіркеу алгоритмі бойынша келесі қадамдар жүзеге асырылады. Алдымен, техникалық сипаттамалар мен геодезиялық түсірілімдер қоса тіркелген қабылдау актісі электронды түрде E-Qurylys жүйесі арқылы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдарына (ГАСК) жіберіледі. ГАСК құжаттарды бір жұмыс күні ішінде тексеріп, заңнамаға сәйкестігін бағалайды. Егер қандай да бір кемшіліктер анықталса, ГАСК тапсырыс берушіні хабардар етіп, бір жұмыс күні ішінде тиісті шаралар қолданады. Құжаттарда ешқандай кемшілік болмаса, қабылдау актісі мақұлданады.
Мақұлданған акт жергілікті атқарушы органға (ЖАО) жіберіледі. ЖАО актіні тексеріп, қажетті рәсімдердің сақталуын қамтамасыз етеді. Актіде сәйкессіздік табылған жағдайда, тапсырыс берушіге бір жұмыс күні ішінде хабарлама жіберіледі. Егер бәрі дұрыс болса, ЖАО актіні E-Qurylys жүйесінде тіркеп, мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеуге қажетті құжаттарды әзірлеу үшін жібереді.
Келесі кезеңде мүлікті мемлекеттік тіркеу бойынша қызметтер жүзеге асырылады. Бұл үшін тапсырыс беруші E-Qurylys жүйесі арқылы қабылдау актісін, барлық қатысушылардың электронды цифрлық қолтаңбаларымен (ЭЦҚ) расталған құжаттарды және кадастр мен құқықтарды тіркеу төлемін растайтын құжаттарды жібереді. Жергілікті органдар (ЖАО немесе ГАСК) тіркеуден бас тартқан жағдайда, өтініш автоматты түрде ЕГКН жүйесіне өтпейді. Ал қабылданған жағдайда, ЕГКН жүйесінде тұрғын үйдің инвентарлық ісі автоматты түрде қалыптасады және қажетті мәліметтер енгізіледі.
Тіркеу үдерісінде орындаушылар құжаттардың дұрыстығын, төлемнің бар-жоғын және құжаттың бірегейлігін тексереді. Барлық талаптар орындалған жағдайда, құқықтар тіркеліп, құжатқа белгі қойылады. Егер тіркеуден бас тартуға немесе оны тоқтатуға негіздер анықталса, бұл процесс тоқтатылады. Тіркеу нәтижелері (акт, бас тарту немесе тоқтату туралы ақпарат) электронды түрде басшылыққа жолданып, тапсырыс берушіге E-Qurylys жүйесі арқылы және электронды пошта арқылы хабарланады.
Бұл үдерістер автоматтандырылған және заң талаптарына сай орындалады. Мемлекеттік корпорация мен Қазақстан Республикасы Индустрия және құрылыс министрлігі ақпараттың шынайылығын, қорғалуын және ақпараттық қауіпсіздік нормаларының сақталуын қамтамасыз етеді. Барлық іс-әрекеттер электронды цифрлық қолтаңба арқылы расталады.
Құжат ағымдағы жылдың 28 қарашасына дейін қоғамдық талқылауда болады.