Қазіргі таңда қазақстандықтардың басым бөлігі мегаполистерден шеткері аудандарда өмір сүруді таңдайды. Себебі қаланың тығыздығы, үздіксіз қарбалас пен шу, көлік кептелістері, экологиялық мәселелер және тұрғын үй пәтерлерінің тарлығы- тұрғындардың өмір сүру сапасына кері әсерін тигізеді.
Көпқабатты үйлерде өмір сүрудің өзіндік шектеулері бар: ортақ кіреберістер, кішкентай серуендеу алаңдары және үнемі бейтаныс адамдардың көптеп келуі. Бұл факторлар жеке үйлер мен коттедж қалашықтарына деген қызығушылықты арттырды. Қазіргі таңда мұндай тұрғын үй түрлерін іздеушілердің қатарында зейнеткерлер, шығармашылықпен айналысатын адамдар ғана емес, орта тап өкілдері мен ауқатты азаматтар да бар.
Қала мен табиғат арасындағы мінсіз үйлесім
Қазіргі урбанизация заманында табиғат аясында өмір сүруді қалайтын, бірақ қаланың игіліктерінен толықтай бас тартқысы келмейтіндер үшін таунхаус – тиімді ұсыныстардың бірі. Олар жеке үйдің жайлылығы мен қала өмірінің қолайлылығын үйлестіре отырып, тұрғындарға жаңа өмір салтын ұсынады.
Таунхаус – бұл коттедж үлгісіндегі шағын қабатты үйлердің заманауи түрі. Олар көбіне екі-үш қабатты жеке блоктарға бөлінген үйлер болып келеді. Әр бөлік – толыққанды тұрғын үй, жеке кіру есігімен және қажетті коммуникациялармен жабдықталған. Мұндай үйлер мегаполистердің маңында орналасады және табиғат аясында өмір сүруді қалайтындарға қолжетімді әрі жайлы балама ретінде қарастырылады.
Таунхаустардың ауданы әдеттегі пәтерлерге қарағанда кең, бірақ жеке коттедждерден кішілеу. Мұндай үйлерде көршілермен ортақ қабырғалар болғанымен, әрбір тұрғынның өзіне тиесілі жеке ауласы (көбінесе 2-3 соттыққа дейін) және бір-екі автокөлік қоятын орындары бар. Бұл, әсіресе, көлік иелері үшін өте маңызды, өйткені көпқабатты үйлерде көлікке орын табу – жиі кездесетін мәселе.
Жеке ауланың болуы тұрғындарға өз қажеттіліктеріне қарай аула аумағын ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мысалы, демалыс аймағын, балалар немесе спорт алаңын жасауға, гүлзарлар отырғызып, шағын бақ өсіруге болады.
Таунхаустардың басты ерекшелігі – әр тұрғынның өз кіреберісі бар. Қалалық пәтерлердегі секілді ортақ кіреберіс жоқ. Алайда көршілермен ортақ шатыр, қабырғалар мен коммуникациялар сақталады. Сонымен бірге, таунхаустарда көршілер саны өте аз: мұнда тек бірнеше отбасы ғана тұрады.
Таунхаустардың тарихы.
Таунхаустар алғаш рет XVII ғасырдың соңында Еуропада пайда болған. Ол кезде бұл үйлер ағаштан жасалып, түрлі-түсті кірпішпен қапталған. Кейінірек қабырғалары сылақпен өңделіп, сырланған. Қазіргі таңда таунхаустар негізінен кірпіштен, бетоннан немесе пеноблоктан салынады, кейде металл мен ағаш та пайдаланылады.
Классикалық таунхаустар бірнеше қабаттан тұрады, бұл ішкі кеңістікті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Әдетте, бірінші қабатта қонақ бөлме, асхана және ас үй орналасады, ал жоғарғы қабаттарда жатын бөлмелер, жуынатын бөлмелер, балалар бөлмелері және жұмыс кабинеттері болады. Кейбір үйлерде көлікжай, гардероб бөлмелері немесе қосымша қоймалар да қарастырылған.
Кеңістікті тиімді пайдалану
Таунхаустардың стандартты ауданы 70-тен 300 шаршы метрге дейін жетуі мүмкін, бұл кеңістікті үй иесі өз қалауынша ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Ал Қазақстандағы таунхаустардың жобалары әртүрлі: элиталық және қолжетімді нұсқаларға бөлінеді. Қолжетімді таунхаустардың ауданы 50-120 шаршы метр аралығында болады және жиі екі отбасыға арналған бір есікті нұсқалары да кездеседі. Мұндай үйлерде ортақ алаңдар аз, ал кейбір пәтерлер студия түрінде жобаланады.
Таунхаустардың тағы бір ерекшелігі – тұрғындардың өмірін жеңілдету үшін басқарушы компаниялар қызмет көрсетеді. Олар аумақты көгалдандыру, қар тазалау, шөп шабу және ортақ аймақтарды күтіп ұстаумен айналысады. Жеке меншік үйлерден айырмашылығы, мұнда үй күтімі үшін көп уақыт жұмсаудың қажеті жоқ.
Қолжетімділік пен тиімділік
Таунхаустардың танымалдығы жыл сайын артып келеді. Бұл – жеке меншік үйге қарағанда арзанырақ, ал пәтерден әлдеқайда жайлы баспана түрі. Заманауи архитектуралық шешімдермен жасалған таунхаустар қолжетімді бағада жақсы өмір сүру мүмкіндігін ұсынады. Бағасы негізінен аумақ пен құрылысшы компанияға байланысты өзгереді.
«Namark Project» компаниясының директоры Надир Маметовтың айтуынша, таунхаустардың құны құрылыс сапасына, орналасқан жеріне және қызмет көрсету деңгейіне байланысты. Қазіргі таңда бұл тұрғын үйлер урбанизацияның жаңа бағыттарының бірі болып саналады, себебі олар қаланың қарбалас өмірінен алыста жайлы ортада тұруға мүмкіндік береді.
Белгілі құрылыс компаниясының салған таунхаустары көбіне жаңадан пайда болған немесе құрылыс нарығында танымал емес компанияларға қарағанда әлдеқайда қымбат болады. Алайда бұл сапаның төмендігін білдірмейді. «Қазіргі уақытта таунхаустарды көбінесе құрылыс саласында енді ғана көріне бастаған компаниялар салады. Үй сатып алу кезінде ең алдымен құрылысшы ұсынатын инфрақұрылымға, көлік жолдарының жақындығына және маңызды нысандардың қолжетімділігіне назар аудару керек», — дейді сарапшы Надир Маметов. Оның айтуынша, идеалды жағдайда барлық қажетті нысандарға 15 минут ішінде жетуге мүмкіндік болуы тиіс.
Сарапшының айтуынша, үйдің бағасына жақын маңдағы балабақшалар, мектептер, ауруханалар сияқты маңызды нысандардың болуы үлкен әсер етеді. Сонымен қатар, ауаның тазалығы да ерекше маңызға ие. «Мысалы, Бірінші Президент саябағының жанындағы таунхаустар қала маңындағы үйлерге қарағанда әлдеқайда қымбат, ал Ремизовкада жеке мектепке жақын орналасқан таунхаустар оқу орнына алысырақ тұрған үйлерден әлдеқайда қымбат тұрады. Таулы аймақтарға жақын таунхаустардың бағасы алты таңбалы сандармен есептеледі», — дейді Маметов.
Алматының тау бөктерінде таунхаустар салу тиімді әрі ыңғайлы. Шағын жер учаскесіне көп тұрғын үйді орналастыруға мүмкіндік бар. Дегенмен, мұндай үйлердің биіктігі әдетте үш қабаттан аспайды. «Мұндай таунхаустардың бір шаршы метрінің бағасы 1 миллион теңгеден басталады», — деп түсіндіреді сарапшы.
Алматыда таунхаустар түрлі бағалар мен қажеттіліктерге сай ұсынылады. Бұл тұрғын үйлер Наурызбай, Алатау, Түрксіб аудандарында және Қарасай, Іле, Талғар аудандарындағы қала маңындағы елді мекендерде белсенді түрде салынып, сатылуда. Әрине, таулы аймақтардағы элиталық таунхаустарды тек қаржылық мүмкіндігі жоғары адамдар ғана сатып ала алады. Алайда орта және бюджеттік деңгейдегі таунхаустардың кең таңдауы бар.
Көптеген мегаполис тұрғындары жеке үйде тұруды армандайды. Бірақ жер учаскесін таңдау, үйді жобалау мен салу, кейін оны күтіп ұстау секілді мәселелерді ойлаған кезде бұл арман жиі жүзеге аспай жатады. Осы тұрғыдан алғанда таунхаус сатып алу – қала сыртындағы жеке үйге жақсы балама. Бұл тұрғын үй түрі қолжетімді бағада жайлылық пен жеке кеңістікті үйлестіреді.
Сәтті инвестиция
Соңғы жылдары Алматы мен оның маңайында коттедж қалашықтары мен таунхаустардың құрылысы қарқынды дамуда. Мұндай үйлер жайлы өмір сүруге ғана емес, сонымен қатар тиімді инвестициялық құрал ретінде де тартымды. Сарапшылардың пікірінше, таунхаустардың құны жыл сайын артып келеді, сондықтан оларды сатып алу тек баспана мәселесін шешіп қана қоймай, ұзақ мерзімді перспективада табыс әкелуі мүмкін.
Жылжымайтын мүлік нарығының талдаушыларының мәліметінше, Алматы мен қала маңындағы таунхаустарға сұраныс тұрақты түрде артып келеді. Олардың айтуынша, бұл тенденция алдағы жылдары да жалғасын табады. Таунхаус сатып алу – тек жайлы өмір сүрудің ғана емес, сондай-ақ инвестицияңызды көбейтудің де сенімді жолы.
Инна ЧИКУРОВА