Қостанай қаласының әкімі Марат Жүндібаев «Береке» ықшамауданының құрылыс жұмыстары туралы жоспарларымен бөлісті. Қазіргі таңда бұл аудандағы жұмыстар уақытша тоқтатылған. Себебі жобаны қайта қарау және түзету жұмыстары жүргізілуде.
Әкімнің айтуынша, ең алдымен ықшамауданның егжей-тегжейлі жоспарлау жобасын (ЕЖЖ) аяқтап, мемлекеттік сараптамадан өткізу қажет. Бұл жұмыстарды қаңтар айына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Осыдан кейін «Береке» ықшамауданындағы көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолын кеңейту мәселесіне қаржы бөлінбек.
– Бұл ықшамаудандағы ең үлкен мәселе – жолдардың тарлығы. Алдымен жол инфрақұрылымын ретке келтіруіміз керек. Бұл – басты міндетіміз. Жалпы, «Береке» бойынша жоспарымыз – 2025-2026 жылдары барлық құрылыс жұмыстарын толық аяқтау, – деді Марат Жүндібаев.
Сондай-ақ, әкім құрылысқа қатысты бағдарламаның өзгергенін атап өтті. Бұрын жергілікті билік жалға берілетін үйлер салса, қазіргі таңда жеке құрылыс компанияларынан пәтер сатып алу тәсіліне көшкен.
– Бұрын салынған жалға берілетін үйлердің сапасы нашар болғаны анық. Ал қазір біз жеке компаниялардан пәтер сатып алып жатырмыз. Мәселен, биыл қаланың әртүрлі аудандарынан 230 пәтер сатып алдық. Сапасы әлдеқайда жақсы. Сондықтан бұл тәсіл «Береке» ықшамауданын дамыту үшін тиімді шешім болады деп ойлаймыз. Жеке құрылыс компанияларына жер учаскелерін бөліп береміз, олар үйлер салады. Ал біз сол үйлерден кезекте тұрған азаматтар үшін пәтер сатып аламыз, – деді әкім.
Жоспар бойынша, «Береке» ықшамауданында көлік жолдары мен жаяу жүргіншілер жолы кеңейтіліп, әлеуметтік және тұрғын үй нысандары толығымен пайдалануға беріледі. Бұл ауданның инфрақұрылымын жақсарту жұмыстары басты назарда болмақ.