Алматы қаласында заңсыз салынған ғимараттармен күрес күшейтілуде. Осылайша, қаладағы «Қорғаушы-Защитник» саяжай қоғамында үш қабатты ғимараттың рұқсатсыз салынғаны анықталды.
Қалалық сәулет басқармасының мәліметінше, бұл нысан жобалық-сметалық құжаттарынсыз, авторлық және техникалық бақылаусыз бой көтерген. Тіпті, құрылыс жұмыстарының басталғаны туралы тиісті хабарлама да болмаған. Ғимараттың заңсыз құрылысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметпен бірлесіп жүргізілген тексеріс барысында белгілі болды.
Құрылыс иесіне заң бұзушылықты жою үшін нұсқама беріліп, ғимаратты бұзу және жер нысанын бастапқы жағдайға келтіру талап етілді. Қалалық басқарманың берген нұсқамасына сәйкес, меншік иесі өз еркімен ғимаратты бұзу жұмыстарын бастап кетті.
Алматы әкімі Ерболат Досаевтың тапсырмасы бойынша қалада құрылыс саласына бақылауды күшейту мақсатымен 2023 жылдан бері 52 заңсыз нысан бұзылды. Олардың ішінде «Мечта», KHAN және «Алма Гарден» сынды ірі тұрғын үй кешендері де бар.
Қалалық билік тарапынан осындай қатаң шаралар қабылданып, заңсыз құрылысқа тосқауыл қойылуы тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қала инфрақұрылымын реттеуде маңызды қадам болып саналады.