Elipse тұрғын үй кешені үшбұрышты аумақта салынған эллипс пішіндес ерекше ғимарат. Кешенді қоршаған қоғамдық және ашық кеңістіктер оның тартымдылығын арттырады.
Кешенге кіреберіс алаңынан өткелдер арқылы қала орталығындағы ішкі сақина мен мектепке жол ашылады. Шығыс жағындағы бақта балалар алаңы орналасқан, ол тұрғындардың сыртқы демалыс аймағы ретінде қызмет етеді. Өзен бойындағы жағалау ғимаратты жақын маңдағы аудандармен байланыстырады. Сонымен қатар, аймақта втотұрақ пен қосалқы кіреберістер де бар.
Elipse кешені 70 түрлі пәтерді қамтиды. Пәтерлердің жоспары шағын студиялардан бастап екі деңгейлі және кең классикалық пәтерлерге дейін әртүрлі. Ғимараттың эллипс пішіні әртүрлі тұрғындарға қолайлы пәтер үлгілерін ұсынуға және әр пәтерді ыңғайлы етіп жобалауға мүмкіндік береді.
Пәтерлердің аумағы әртүрлі: бір бөлмелі және шағын ашық кеңістігі бар пәтерлерден бастап, шатырында кең террасасы бар ірі пәтерлерге дейін қамтиды. Солтүстік жақтағы шағын пәтерлердің әр бөлмесінен ашық алаңға шығуға мүмкіндік бар, бұл үй ішінде еркін қозғалысты қамтамасыз етеді. Ал оңтүстік жағындағы кең әрі толқынды ашық алаңдар ғимараттың эллипстік пішінін ерекше көрсетеді. Ашық алаңдардағы гүл отырғызылған орындар тұрғындарды жақын көршілерден оқшаулап, айналаның жасыл көрінісін тамашалауға мүмкіндік береді.
Elipse ғимаратының солтүстік және оңтүстік жақтары әртүрлі сипаттарымен ерекшеленеді: солтүстік жағы тыныш әрі қарапайым стильде болса, ал оңтүстік жағы Жерорта теңізі аймағына тән мәдениетпен үйлеседі. Мұндай екі түрлі сипат ғимараттың Фабиани ішкі сақинасы бойындағы орналасуына және Любляна қаласының сәулетіне сәйкестендіріліп, қала мәдениетіне жақсы үйлесім тауып отыр.
Ғимараттың сыртқы қабаты жасыл түсті керамикалық тақталармен қапталған әрі көлденең және тік жолақтардан тұратын өрнектермен безендірілген. Бұл сыртқы көрініс ғимараттың кіреберіс бөлімі мен дәліздеріне жалғасады. Қоғамдық кеңістіктерге ерекше тартымдылық беретін үлкен қабырға шамдары мен өрнекті керамикалық едендер де бар.