Қазақстанда апаттық жағдайлардан сақтандыру қорын құру мәселесі талқылануда. Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төраға орынбасары Мария Хаджиева LS порталына берген сұхбатында мәлімдеді.
Дүниежүзілік банк пен AFSA ұйымдастырған аймақтық конференция барысында ол Испания мен Түркияның тәжірибесін мысалға келтірді, онда апаттық тәуекелдерді сақтандыру қорлары жұмыс істейді.
«Алайда олар ұзақ жылдар бойы ақша жинақтау арқылы құрылды. Сондықтан жаңадан құрылған жас апаттық тәуекелдер қоры барлық азаматтардың шығындарын жабады деп айтуға болмайды. Бұл қор бастапқы шығындарды жабуға көмек көрсету үшін құрылғанын ұмытпаған жөн», — деп атап өтті Хаджиева.
Ол сонымен қатар халықпен тығыз жұмыс істейтін жүйені қалыптастыру қажет екенін айтты.
«Ең маңыздысы — апатқа ұшыраған адамдармен жұмыс істеу. Олар баспанасынан айырылғандар, төтенше жағдай кезінде зардап шеккендер. Алғашқы сәтте олар сақтандыру немесе қаржы секторы туралы ойламайды. Олар тек осы қиын кезеңді еңсеру үшін ең аз да болса көмек алғысы келеді. Міне, осы мақсатпен қор құрылып отыр», — деп түсіндірді агенттік төрағасының орынбасары.
Сонымен қатар, Қазақстанда ерікті түрде сақтандырудың дамуы қиын екенін айтты.
« Тіпті, бұл өнімдер сатып алынбайды және сатылмайды. Сондықтан кейбір компаниялар коммуналдық қызметтермен ынтымақтастықты пайдалану мүмкіндігін қарастыруда. Бұл алғашқы тәжірибе және біз тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті осындай ынтымақтастыққа қарсы болмайды деп үміттенеміз. Коммуналдық қызметтердің төлемдеріне қатысты тиісті жолды қосу арқылы сақтандырудың ерікті түрін ұсыну — бұл қолда бар технологиялық мүмкіндіктерді пайдалану тәсілі», — деп атап өтті АРРФР өкілі. Сонымен қатар, ол сақтандыру компанияларының осы арқылы өңірлерге шығатынын қоса айтты.