Алматыда заңсыз салынған тұрғын үйлердің саны артуда. Қала құрылысын бақылау басқармасының мәліметінше, 2024 жылдың басынан бері 10 тұрғын үй нысаны толық немесе жартылай бұзылған. Бұл көрсеткіш өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 7 нысанға көп.
Қала құрылысын бақылау басқармасы тұрғындарға алғашқы нарықтағы жылжымайтын мүлік сатып алғанда құжаттардың толық әрі мұқият рәсімделгенін тексерудің маңызды екенін ескертті. Құрылысшылардан барлық қажетті құжаттарды талап ету өте маңызды.
Сонымен қатар, тұрғындар құрылысшының үлескер қаржысын тартуға рұқсаты бар-жоғын тексеру үшін қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасына жүгінуі қажет. Бұл қадам азаматтарды заңсыз құрылыс нысандарынан қорғауға мүмкіндік береді.
« Заңсыз салынған нысаннан пәтер сатып алып, құрылысшы ақшаны қайтарудан бас тартса, Алматы қаласы бойынша экономикалық тергеу департаментіне және полиция департаментіне арыз жазып, тиісті шаралар қабылдауын талап ете аласыз», – деп атап өтті басқарма өкілдері.
Қала тұрғындары толық құжат пакетін тексеру үшін +7 705 89 66 000 WhatsApp арнасы арқылы нақты ақпарат ала алады.
«Сонымен қатар, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі салымшылардың қаржысын тарту тек үш әдіспен шектелгенін мәлімдеді. Олар: біріңғай оператордың кепілдігі, банктің жобасына қатысу және көпқабатты тұрғын үйдің құрылыс каркасы тұрғызылғаннан кейін қатысу. Ал қолданыстағы заңнамадан тыс жасалған келісімдер, мысалы, алдын ала тапсырыс беру, инвестициялау, ниет білдіру немесе талап қою құқығын беру сияқты келісімдер заңсыз деп танылады.»
Құрылыс нарығында заңсыздықтардың алдын алу үшін тұрғындарға барынша сақ болу қажет. Тек заңды және рұқсат етілген құрылыс жобаларына қатысу арқылы өздерінің мүдделерін қорғауға болады.