Алматыда автомобильдерге арналған мультимедиялық жүйе зауыты іске қосылды

0
43

Алматыда Kazakhstan Mobility Engineering зауытының ресми ашылу салтанаты өтті. Бұл кәсіпорын «Астана Моторс» компаниясының құрамына кіреді. Шараға Қазақстан Республикасының Индустрия және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, «Motrex» компаниясының CEO-сы Джунсон Ким, «Астана Моторс» негізін қалаушы Нұрлан Смағұлов және Бекнұр Несіпбаев қатысты.

Өткен жылдың сәуір айында «Астана Моторс» Motrex Co Ltd компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Бұл келісім Қазақстанда мультимедиялық құрылғылар өндіруге құқық берді. Зауыттың техникалық ашылуы 2024 жылдың қыркүйек айында өтті, ал алғашқы партия электронды аудио- және видеоқұрылғылары Hyundai Trans Kazakhstan зауытына Tucson және Elantra модельдеріне орнату үшін жіберілді.

Қанат Шарлапаев зауыттың ашылуы екі ел арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға үлкен үлес қосатынына сенім білдірді. Ол мультимедиялық жүйелердің жоғары дәлдікті өндіруді талап ететінін, сонымен қатар, отандық шикізатты барынша пайдалануға бағытталған өндірістік процесті құру негізгі мақсат екенін атап өтті.

Kazakhstan Mobility Engineering зауыты «Astana Motors Engineering» технопаркының құрамына кіреді. Технопарк Алматы қаласының Индустриалдық аймағында 100 мың шаршы метр аумақта орналасқан. Кәсіпорынды салуға жұмсалған инвестиция көлемі 15,5 миллиард теңгені құрайды. Технопаркте автокөлік орындықтарын өндіретін және автомобильдерге арналған резеңке мен пластикалық бұйымдарды шығаратын екі зауыт пен логистикалық хаб ашу жоспарланып отыр. Автокөлік орындықтарын өндіретін зауыттың іске қосылуы 2024 жылдың IV тоқсанына жоспарланған. Технопарктың жалпы өндірістік қуаты жылына 100 мың жиынтықты құрайды. Өндірістік алаңда 90-нан астам маман жұмыс істейді, ал барлық өндірістік кешенде қызметкерлер саны 400 адамға жетеді. Зауыт іске қосылғаннан кейін технопарк өнімдері Hyundai Trans Kazakhstan зауытына және Қазақстанның басқа да автокөлік зауыттарына жеткізілетін болады.

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here