Алматыда қала әкімінің тапсырмасы бойынша ағымдағы жылдың тамыз айында қала шығысының жаңа кәріз коллекторының құрылысы аяқталды. 19 шақырымдық жаңа коллектордың іске қосылуы 100 мың тұрғынның тұрақты су тарту жүйесімен қамтамасыз етіп, Думан шағын ауданы, Шығыс айналма жол бойындағы тұрғын үй кешендері мен Талғар ауданының іргелес аймақтарын қамтитын бұрынғы кәріз жүйелерінің жүктемесін азайтты.
Сонымен қатар, аталмыш құрылыс «Ақпараттық технологиялар саябағы » арнсайы экономикалық аймағының дамуы үшін де маңызды рөл атқарады.
Коллектордың құрылысы 2017 жылы «Ария -Жаңа Астана» ЖШС-нің міндеттемелерін орындамауына байланысты тоқтатылған болатын. Сот шешімімен мердігер ұйым- өз қызметіне немқұрайлы қарайтын қызмет жеткізуші ретінде танылды.
2023 жылы Алматы қаласының Энергетика және сумен қамтамасыз ету басқармасы «Алматы Су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнымен бірлесе отырып, дефект актісін әзірледі, ал «Integra Construction» ЖШС қажетті қалпына келтіру жұмыстарын орындауға жауапкершілік алды. Кәсіпорын әлеуметтік жауапкершілік аясында 2023 жылдың тамызынан 2024 жылдың тамызына дейін құрылыс жұмысын аяқтады.
Бұл нысанды іске қосу тек апаттар мен экологиялық проблемалардың қаупін азайтып қана қоймай, қала шығысының және Алматы облысына іргелес аудандарының инфрақұрылымының одан әрі тұрақты дамуына негіз болады.
Онымен қоса, қала әкімінің тапсырмасы бойынша тағы бір маңызды нысанның – 34 шақырымдық жаңа батыс кәріз коллекторының жобасы әзірленді. Бұл коллектор Алматының батыс бөлігіндегі Наурызбай және Алатау аудандарының 130 мың тұрғынына қызмет көрсетеді. Құрылыстың болжамды басталуы – 2025 жылдың II тоқсаны.
Сондай-ақ, басқарма қала бойынша ағын суларды жинайтын қолданыстағы кәріз коллекторларын (#1, #2, #3) қайта құру жұмыстарын жүргізуде. Қайта құрудың басталуы 2025 жылдың II тоқсанына жоспарланған.