Ақтау кемежайының базасында контейнерлік хаб салынады.

0
58

Премьер-министр Олжас Бектенов Маңғыстау облысының транспорттық-логистикалық және туристік әлеуетімен танысты.

Жұмыс сапары барысында үкімет басшысы Ақтау теңіз кемежайының мүмкіндіктерімен танысты. Кемежай Транскаспий халықаралық транспорттық бағытының дамуына маңызды рөл атқарады.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, кемежай өзінің техникалық көрсеткіштері мен бизнес-үрдістері бойынша заманауи халықаралық стандарттарға сәйкес келеді. Техникалық жабдықталу- кең ауқымды жүк түрлерін өңдеуге мүмкіндік береді.

Бүгінгі таңда кемежайдың өткізу қабілеті 11 млн тоннадан астам жүкті құрайды. Аймақта үш мұнай жүк және үш құрғақ жүк терминалы, жылына 800 мың тонна ауылшаруашылық өнімін өңдеуге арналған астық терминалы, сондай-ақ паром кешені жұмыс істейді. 2023 жылдың 8 айында кемежай арқылы жүк айналымы 3 млн тоннадан асты, негізгі бағыттары – Иран, Түркменстан, Әзербайжан, Ресей және басқалар.

Премьер-министрге Ақтау кемежайында контейнерлік хаб салу жоспары туралы айтылды. Инвестор ретінде Қытайдың ірі порт компанияларының бірі – «Ляньюньган Порт Групп» тартылды. Инвестициялық жоба жүк тасымалдарын орта мерзімді және ұзақ мерзімді жоспарлауға мүмкіндік беріп, жүк жеткізуді тиімді қамтамасыз етеді.

Құрық теңіз кемежайын аралау кезінде Премьер-министрге биылғы жылдың басынан бері жүк айналымының 1,5 млн тоннадан асқаны туралы баяндалды. Жылдың соңында бұл көрсеткіш 2,2 млн тоннаға дейін жетеді. Сонымен қатар, биылғы жылы тереңдету жұмыстарын аяқтау және астық терминалын іске қосу жоспарлануда. Логистикалық кластер құру және флотты жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы, болашақта жобалық қуат жылына 6 млн тонна жүкті құрайды. Құрық теңіз кемежайы жыл бойы автомобиль және теміржол кемелерін қабылдай алуы үшін төрт мамандандырылған айлақ бар.

Үкімет басшысы Маңғыстау облысының халықаралық транспорттық қиылысында стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.

— Мемлекет басшысы Үкіметке стратегиялық тапсырма қойды – кемежайларға біршама өзгеріс енгізіп, оларды Каспий теңізіндегі жетекші хабқа айналдыру. Қазақстанның географиялық орналасуы – біздің артықшылығымыз, оны толық пайдалану қажет. Маңғыстау облысы транзиттік, логистикалық және инфрақұрылымдық әлеуетімен қуатты. Сондықтан жаңа жобаларды жүзеге асыру, отандық теңіз транспорттық-логистикалық кластерді кеңейту өте маңызды, — деді Олжас Бектенов.

Ермек Сериков

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here