Алматы қаласының мәслихаты «Алматы қаласын 2030 жылға дейін тұрғын үйлерді жаңарту бағдарламасын» бекітті. Бағдарламаның мақсаты – қала тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсарту, қалалық ортаны жаңарту және апатты жағдайдағы тұрғын үйлердің санын азайту.
Бағдарлама әкімшісі ретінде «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы АҚ (ӘКК) белгіленді, ал уәкілетті ұйым – «Алматы қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны» ЖШС (КҚК).
Жаңарту бағдарламасына 1930-1980 жылдар аралығында салынған екі қабатқа дейінгі тозығы жеткен көппәтерлі үйлерді, жеке тұрғын үйлер және жаңартуды қажет ететін өнеркәсіптік, коммерциялық нысандар кіреді. Бұл жоба 2040 жылға дейінгі Алматы қаласының Бас жоспарына сәйкес жүзеге асырылады, онда тұрғын үй тығыздығы, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымының қолжетімділігі мен қауіпсіздік талаптары ескерілген.
Бағдарламаның басты ерекшеліктерінің бірі – тұрғындардың құқықтарын қорғау және олармен тығыз қарым-қатынас орнату механизмдерін енгізу.
Реновация бағдарламасы объектілерінің тізімі үш санатқа бөлінген:
1-санат: Инвестициялық тартымсыз
Мұндай нысандар инженерлік инфрақұрылым немесе әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылысына арналған аумақтарда орналасқан. Бұл үйлерді сатып алу мен сүру қала әкімдігі тарапынан жүзеге асырылады.
2-санат: Инвестициялық тартымсыз
Бұл санаттағы нысандар қала үшін басымдыққа ие тұрғын үйлер мен әлеуметтік ғимараттарды салу үшін пайдаланылады. Жер телімдерін босату мен тұрғындарды көшіру шараларын «Алматы» қаласы әкімдігінің күрделі құрылыс кәсіпорны арқылы жүзеге асып, инвесторларға нарықтық бағамен ұсынылады.
3-санат: Инвестициялық тартымды
Кешенді жаңартуды қажет ететін кварталдар, полицентрлер мен өнеркәсіптік аумақтардағы нысандар. Мұндағы тұрғындарды көшіру және нысандарды бұзу шығындарын инвесторлар өз мойнына алады.
Тұрғындарға үш түрлі өтемақы ұсынылады:
Тұрғын үйді айырбастау: ескі тұрғын үйді жаңа үйге бөлме санына қарай алмастыру.
Мүлікті меншікке беру: жаңа үй пайдалануға берілген соң, оның құнына сай баспана беру, ал оған дейін уақытша баспана ұсынылады.
Сатып алу-сату келісімі: тұрғын үйді тәуелсіз бағалау компаниясының анықтаған нарықтық құны бойынша сатып алу.
Құрылыс тек барлық тұрғындардың келісімімен жүзеге асырылады. Ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға төменгі қабаттарға көшу немесе қолжетімді инфрақұрылымы бар үйлер ұсынылады. Алдымен каркас-қамысты үйлер мен сейсмикалық қауіпті аумақтардағы ғимараттар сүріледі.
2030 жылға дейін 676 үйді жаңартып, 7 500 тұрғынды жаңа, заманауи үйлерге көшіру жоспарланған.
Жаңарту бағдарламасы шеңберінде сарапшылар, қоғамдық ұйымдар мен мемлекеттік органдардың өзара әрекетін үйлестіру мақсатында Реновация кеңсесі құрылды.
Бұл бағдарлама Алматының заманауи, тұрақты әрі инновациялық мегаполиске айналуына серпін бермек. Бағдарламаның табысты жүзеге асуы қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, сапалы қалалық орта қалыптастырумен қатар, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.