Алматыда «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында тағы бір қоғамдық алаң абаттандырылды. Бұл жолы Орбита-4 шағын ауданында орналасқан 6 және 7 үйлер арасындағы аумақ ретке келтірілді. Қала әкімі Ерболат Досаев Бостандық ауданына жасаған жұмыс сапары кезінде тұрғындармен кездесу өткізді.
Жұмыстар биылғы жылдың шілде айында басталып, қазан айында толық аяқталды. Абаттандыру аясында орнатылған жаңа нысандар қала тұрғындарының демалыс уақытын тиімді өткізуіне мүмкіндік береді. Бұл жерде шахмат үстелі, спорттық тренажерлер мен воркаут алаңы бар. Сонымен қатар, балаларға арналған ойын алаңы да қарастырылған.
Аумақты абаттандыру жұмыстары барысында 1817 шаршы метр тас төселіп, 1704 шаршы метр асфальт жабындысы мен 840 шаршы метр резеңке жабынды орнатылды. Бұған қоса, 175 метр қабырғалық тор (габион) құрылып, 42 жарықтандыру бағанасы орнатылды. Бұл шаралар тұрғындардың күнделікті өміріне жағымды өзгерістер әкеледі.
Қала әкімі Ерболат Досаев жобаның қала тұрғындарының сұраныстарын ескере отырып жүзеге асырылғанын айтты. «Жоба жаңа стандарттарға сай орындалды, ол аулалық аумақтарды жаңғырту үшін арнайы әзірленген. Қала жоспарында осы аумақтарды қайта құру жұмыстары қарастырылып, ересектер мен балалар үшін жеке аймақтар құрылады», – деді қала әкімі.
Тұрғындардың өтініші бойынша, жаяу жүргіншілер аймағына бейнебақылау камераларын орнату тапсырылды. Сонымен қатар, аудан әкіміне аула мен қоғамдық орындардың тазалығын қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды тұрақты түрде бақылап отыру міндеті қойылды.
Қала әкімі тұрғындардың өмір сапасын жақсарту үшін жұмысын жалғастыратынын және Алматының әрбір аумағында осындай абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланып отырғанын атап өтті.