Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаев Наурызбай ауданында болып, «Alem City 3» жаңа тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді тексерді. Бұл тұрғын үйлер әлеуметтік осал топтар мен жұмыс істейтін жастарға жалға беріледі.
Әкім бірнеше пәтерді қарап шығып, пандустар орнатуды қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті. Сырғыма баспалдақтың болуы үйде тұратын мүмкіндігі шектеулі жандар үшін аса маңызды. Сонымен қатар, Ерболат Досаев жаңа үйлерді инженерлік желілерге уақытында қосып, жылу мен су жүйелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді тапсырды.
2022-2023 жылдары мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы аясында 4100 пәтер коммуналдық тұрғын үй қорына берілді, олар әлеуметтік осал топтар мен жұмыс істейтін жастар арасында бөлініп жатыр. 2024 жылдың соңына дейін тағы 3150 пәтер сатып алу жоспарланып отыр. Оның 2100-і әлеуметтік осал топтарға, 1050-і жұмыс істейтін жастарға беріледі.
Жұмыс істейтін жастар үшін үш жылдық жалға алу келісімшарты бойынша ай сайынғы жалдау төлемі 7 000-15 000 теңге аралығында болады. Бірақ пәтерді сатып алу немесе келісімшартты ұзарту мүмкіндігі жоқ. Бұл жастар осы уақыт ішінде депозитте қаражат жинап, кейін ипотека арқылы өз пәтерін сатып ала алады.
Алматыда 2023 жылдың 10 айында 4828 адам тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Оның ішінде 1655 адам коммуналдық тұрғын үй қорынан арендалық пәтерлерді алған, 2100 адам жұмыс істейтін жастар үшін арендалық тұрғын үй алған, 226 адам жеңілдетілген ипотека бойынша пәтер алған және 847 адам «Алматы Жастары» бағдарламасы арқылы үй алған. Сонымен қатар, 160 тұрғын үй сертификаты 187,3 миллион теңгеге берілген.