Алматыда әлеуметтік нысандардың сейсмотұрақтылығы  нығайтылуда

0
11

Қазақстандық Ғылыми-зерттеу және жобалау институты (ҚазНИИСА) Алматы қаласындағы ғимараттар мен тұрғын үйлердің сейсмотұрақтылығын тексеру жұмыстарын жүргізуде. 2017-2018 жылдары 10 525 нысан тексерілді, нәтижесінде 3 087 нысанның сейсмотұрақтылық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды.

Сейсмоаудит 2024 жылдың желтоқсанына дейін жалғасады. Тексерілетін ғимараттардың басым бөлігі- әлеуметтік нысандар, сонымен қатар көпқабатты үйлердің жағдайы да жан-жақты зерттелуде.

«Алматы 9-10 баллдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Сондықтан бізтолыққанды зерттеу жүргізіп, қай ғимараттардың жер сілкінісінде бұзылатынын және қандай зиян келетінін есептеп жатырмыз», — дейді ҚазНИИСА-ның өндіріс бойынша басқарушы директоры Ералы Шоқбаров.

Спикердің айтуынша, Алматыдағы құрылыс жұмыстары екі кезеңге бөлінеді.

— Бірінші кезең — кеңес кезеңінде салынған ғимараттар, ал екінші кезең — тәуелсіздік алғаннан кейінгі нысандар. Кеңес дәуіріндегі үйлердің көпшілігі стандартты 9 қабатты панельді құрылымдар. Бұл үйлердің жай-күйі туралы мәліметтер жоқ, сондықтан оларды паспортизациялау қажет. Яғни, біз олардың құрылымын, салынған жылдарын және мәселелерін зерттейміз. Панельді үйлердің бірінші қабаттарында дүкендер мен асханалар ашылғаны байқалды, бұл ғимараттың құрылымын әлсіретеді. 7 баллдық жер сілкінісінде қай ғимараттардың бірінші болып бұзылатынын, не себепті бұзылатынын зерттеу жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде, бұл ақпарат Алматы қаласының үкіметіне және Төтенше жағдайлар департаментіне беріледі, — деді Ералы Шоқбаров.

Үкімет тарапынан қабылданған шешімдер бойынша қажетті шаралар жүзеге асырылатын болады.

— Мысалы, әлеуметтік нысандарда нығайту жұмыстары жүргізіледі. Бұл жұмыстар белсенді түрде атқарылуда. Ең алдымен, кірпіш ғимараттарын нығайту қажет, себебі олардың сейсмотұрақтылығы төмен. Алматыда 50-60 жылдары салынған мектептер сол кезеңдегі құрылыс нормаларына сай бой көтерген.

 Алайда, қазіргі уақытта құрылыс нормалары өзгерді. Айта кету керек, ең соңғы өзгерістер 2021 жылы енгізілді. Барлық өзгерістер құрылыс талаптарын күшейтуге бағытталған, — деп мәлімдеді маман.

Маман тұрғын үйлерді нығайту жұмыстары жүргізілмейтінін атап өтті. Себебі,оларды бұзып, жаңадан салу тиімдірек.

Алматыда 2030 жылға дейінгі модернизация жобасы әзірленген. Қала әкімдігі   әлеуметтік нысандардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөледі. Өткен жылы 8 мектеп пен 1 балабақша ғимараттарының құрылымын нығайту жұмыстары жүргізілді. Биыл тағы 11 ғимараттың конструкциясы жақсартылмақ.

Ермек Сериков

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here