Алматыда 2000 шаршы метрден астам заңсыз қойма ғимараттары жойылуда. Бұл ғимараттар сотпен заңсыз деп танылған.
Жер нысандары Самғау шағын ауданында, Көкорай көшесі, 28/2 мекенжайында орналасқан.
Қалалық құрылыс бақылау басқармасының мәліметіне сәйкес, ЖШС «Рифтам» компаниясына жүргізілген жоспардан тыс тексеру барысында ғимараттың көп бөлігінде рұқсат құжаттарының жоқтығы анықталды. Басқарма заңсыз салынған 2174 шаршы метрлік ғимаратты жою үшін мамандандырылған экономикалық сотқа арыз берген.
— 2023 жылдың 8 желтоқсанында басқарманың арызы қабылданып, 4 наурызда Алматы қалалық сотының шешімі өзгеріссіз қалдырылды. Енді, әділет департаментінің сот орындаушыларының қатысуымен ғимаратты бұзу жұмыстары басталды, — деп хабарлады басқарма.
Өткен жылдан бері қалада толық немесе жартылай 48 заңсыз объекті жойылды.
Ермек Сериков