Жұлдыз индустриалдық аймағында керамогранит өндірісіне арналған ірі инвестициялық жобаның алғашқы кезеңі іске қосылды. Ашылу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздыкбеков және«WAN SHENG CERAMIC» шетелдік компаниясының негізін қалаушылары қатысты.
Қала әкімі өз сөзінде, жаңа зауыт Орталық Азияның құрылыс саласындағы ең ірі жобалардың бірі болатынын атап өтті. Мемлекет басшысының инвестиция тарту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жоба барлық кезеңдерде толық қолдауға ие болды. Зауыттың ашылуы отандық құрылыс материалдарымен, соның ішінде керамикалық плиткалармен ішкі нарықты қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, «WAN SHENG CERAMIC» компаниясының негізін қалаушы Ху Цзяньго жобаны жүзеге асырудағы әкімдіктің қолдауына алғыс айтты. Ол компанияның заманауи технологияларды енгізумен қатар, қызметкерлердің дамуына арналған түрлі бағдарламаларды іске асыру ниеті бар екенін айтты.
Инвестициялық жобаның құны 25,5 млрд теңге, ал жалпы алаңы 32 гектарды құрайды. Зауытта 350 жұмыс орны құрылды. Зауыттың құрылысын өткен жылы бастаған, мұнда заманауи технологиялық жабдықтар орнатылған, ал өндіріс барынша қауіпсіз және экологиялық таза болады.
Алғашқы кезеңде кәсіпорын жылына 12,7 млн шаршы метр керамикалық плитка шығаратын болады. Екінші кезең іске қосылғаннан кейін өндірістік қуат екі есе артып, 25,4 млн шаршы метрге жетеді, қосымша 350 жұмыс орны ашылады.
Бұл жоба құрылыс саласының дамуына, заманауи өндірістердің енгізілуіне және жаңа жұмыс орындарының ашылуына ықпал етеді.